Қызылорда облыстық мәслихатының

2016 жылғы «13» «шілдедегі»

№ 43 шешімімен

бекітілген

 

 

Қызылорда облысының Қоғамдық кеңесі туралы

Ереже

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Қызылорда облысының Қоғамдық кеңесі туралы ереже (әрі қарай - ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.

2. Қызылорда облысының Қоғамдық кеңесі (әрі қарай - Қоғамдық кеңес) азаматтармен, коммерциялық емес ұйымдармен бірлесіп өз құзыретіндегі мәселелер бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен құрылатын консультативтік-кеңесші, бақылаушы орган болып табылады.

3. Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ, осы ережені басшылыққа алады.

4. Заңда қаралғаннан басқа тәртіпте құрылған мемлекеттік басқару органдары жанындағы консультативтік-кеңесші, бақылаушы органдар мен коммерциялық емес ұйымдар «қоғамдық кеңес» атауын ала алмайды және Заңмен белгіленген өкілеттікті толық көлемде иелене  алмайды.

 

2. Қоғамдық кеңестің мақсаттары мен міндеттері

 

5. Қоғамдық кеңестің мақсаты азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірлерін білдіру болып табылады.

6. Қоғамдық кеңестің негізгі міндеттері:

1) азаматтық қоғамның мүдделері мен жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау мен қабылдау барысында жұртшылықтың пікірін есепке алуды білдіру;

2) жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасын дамыту;

3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

 

3. Қоғамдық кеңес қызметінің принциптері

 

7. Қоғамдық кеңес өз қызметін келесідей принциптер негізінде жүзеге асырады:

1) қоғамдық негіздегі қызметі;

2) автономдық;

3) дербестік;

4) жариялылық;

5) олардың мүшелерін кезең-кезеңмен ротациялау.

 

 

4. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктері

 

8. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктеріне мыналар:

1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылау;

2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын талқылау;

3) атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау;

4) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау;

5) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;

6) қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға ұсыну;

8) қоғамдық бақылауды қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік органның қоғамның мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстары туралы есебін тыңдау үлгісінде жүзеге асыру;

9) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын оның бірінші отырысында талқылау және бекіту үшін жергілікті өкілетті органға енгізу;

10) Қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру жатады.

 

 

5. Қоғамдық кеңес пен оның мүшелерінің құқықтары

мен міндеттері

 

9. Қоғамдық кеңес пен оның мүшелері өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру барысында :

1) Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгіленген тәртіптер негізінде мемлекеттік органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарына кіруге;

2) орталық атқарушы органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының тиісті мемлекеттік органның келісіміне сәйкес өзге де жұмысшы топтарының жұмысына қатысуға;

3) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына Заңға сәйкес белгіленген өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру мақсатында қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша айтуға құқығы бар.

10. Қоғамдық кеңес пен оның мүшелері өз қызметінде:

1) Конституция нормаларын, заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де гормативтік құқықтық актілерін сақтауға;

2) өзінің қызметін жұртшылықпен қарым-қатынаста іске асыруға;

3) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының интернет-ресурстарында   орналастыруға міндетті.

 

 

6. Қоғамдық кеңестің жұмысын қалыптастыру

 

11. Қоғамдық кеңес Заңда қарастырылған тәртіпке сәйкес қалыптастырылады.

12. Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың өкілдері және конкурстық негізде - коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтардан қалыптастырылатын жұмыс тобынан құрылады.

13. Қоғамдық кеңес мүшелерінің саны жұмыс тобы арқылы анықталады.

14. Жұмыс тобының құрамындағы мемлекеттік орган өкілдері жұмыс тобының жалпы санының үштен бірінен аспауы тиіс. Осы өкілдіктің дербес құрамы мемлекеттік орган басшысымен анықталады.

15. Қоғамдық кеңестің мүшелігіне кандидатуралар коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар, сондай-ақ, өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылады.

16. Конкурс туралы хабарландыру жұмыс тобы арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) құжаттар жолданатын мемлекеттік органның интернет-ресурсында оның атауы, пошталық мекенжайы, құжаттарды қабылдау мерзімі, электрондық поштасының мекенжайы және өзге де мәліметтері  Заңның 10-бабына сәйкес конкурсқа қатысу үшін көрсетіле отырып жарияланады.

17. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске бір ғана өкіл сайланады.

18. Қоғамдық кеңестің төрағасы оның мүшелері - мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін белгілі қоғам қайраткерлері арасынан сайланады.

Қоғамдық кеңестің мүшелігіне кандидаттарға Заңның 10-бабына сәйкес талаптар талап етіледі.

19. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамы жергілікті өкілетті органның шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) жергілікті өкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.

20. Қоғамдық кеңес өкілеттіктерінің мерзімі 3 (үш) жылды құрайды.

 

 

7. Қоғамдық кеңестің ұйымдастыру құрылымы мен оның органдарының құзыреті

 

21. Қоғамдық кеңестің жоғары органы отырыс болып табылады.

22. Қоғамдық кеңес төралқасы Қоғамдық кеңес қызметіне жетекшілікті оның мәжілістерінің арасында жүзеге асырады.

23. Төралқа құрамына Қоғамдық кеңес төрағасы және хатшысы, Қоғамдық кеңестің құрылуына қатысқан мемлекеттік органның басшысы, комиссия төрағалары,  Қоғамдық кеңестің жеке мүшелері кіреді.

24. Қоғамдық кеңестің төралқасы:

Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді;

Қоғамдық кеңестің ақпараттық ашықтығы мен ұйымдастыру мәселелеріне басшылық жасайды;

 Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты күн тәртібін бекіте отырып ұйымдастырады;

Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді, ол үшін:

  • Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмыс жоспарларын бекітеді;

- Қоғамдық кеңес комиссияларының қызметі жөніндегі есептерді тыңдайды;

- комиссиялардың құзыретіне кіретін мәселелерді қарауды тапсырады.

25. Қоғамдық кеңестің төрағасы:

1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады:

- Қоғамдық кеңестің қызметіне басшылық жасайды;

-  оның жұмысын жоспарлайды;

2) Қоғамдық кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

- Қоғамдық кеңестің отырыстарын шақырады және басшылық жасайды;

3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды (Қоғамдық кеңес отырыстарының хаттамалары мен ұсынымдары);

4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;

- Қоғамдық кеңестің шешімдерінің жүзеге асырылуына жалпы бақылау жасайды;

- Қоғамдық кеңес шешімдерінің жүзеге асырылуы туралы есептерді тыңдайды;

5) жергілікті мемлекеттік басқару органының отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;

6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.

26. Қоғамдық кеңестің хатшысы:

1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

- Қоғамдық кеңес отырыстарының күн тәртібін қалыптастырады;

- отырысқа шақырылатын тұлғалардың тізімін жасақтайды;

- Қоғамдық кеңес отырысының өткізілуіне қажетті құжаттардың толық болуын қадағалайды;

2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және Қоғамдық кеңес отырысының хаттамасына қол қою арқылы жүргізеді;

3) Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды;

- Қоғамдық кеңес Төрағасына Қоғамдық кеңестің шешімдерінің орындалуы туралы баяндайды;

27. Қоғамдық кеңес өз өкілеттілігінің мерзімінде Қоғамдық кеңес мүшелерінің ішінен қызметінің бағыттары бойынша комиссиялар құрады.

28. Қарауға қабылданған құжаттардың жобасы барлық тиісті қосымша материалдарымен Қоғамдық кеңестің Төралқасы немесе Хатшысы арқылы комисияның қарауына және ұсыныс әзірлеуге жіберіледі. Сонымен бірге, Қоғамдық кеңестің отырысына құжаттың, баяндаманың жобасы бойынша қорытынды әзірлеу, қосымша ақпарат жинау мен талдау жасау тапсырылуы мүмкін.

Комиссияның баяндамасында жобаға енгізілген комиссияның дәлелді пкірі көрсетіледі.

 

 

8. Қоғамдық кеңестің жұмысын ұйымдастыру

 

29. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ашады.

Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасының құрамы сайланады.

30. Қоғамдық кеңестің жұмысының негізгі нысаны отырыс болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кем дегенде үштен екісі қатысқанда құқылы болып есептеледі.

Қажет болған жағдайда Қоғамдық кеңестің отырысына оның шешімімен мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін.

31. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады.

Отырысты өткізудегі өзге де мәселелер Қоғамдық кеңестің шешімімен анықталады.

32. Өз өкілеттіліктері шегінде Қоғамдық кеңес мүшелері кеңес беру дауыстық құқығымен өзге де қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысуға, ал, жергілікті деңгейде, сонымен бірге, қалалық, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы облыстық Қоғамдық кеңестің құрамына кіруге  құқығы бар.

33. Қоғамдық кеңес халықты:

1) азаматтық қоғаммен және мемлекеттік органдармен өзінің іс-қимыл жасау нәтижелері;

2) Қоғамдық кеңестің құрамы, оның мүшелерін ротациялау;

3) отырыстардың күн тәртібі;

4) қабылданған шешімдер;

5) қоғамдық маңызы бар басқа да мәселелер туралы хабардар етеді.

34. Ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) Қызылорда облыстық мәслихатының интернет-ресурсында жарияланады.

35. Ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді Қызылорда облыстық мәслихатының аппараты жүзеге асырады:

- жұмысты ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар әзірлейді /комиссиялар, қажетті құжаттар, Қоғамдық кеңес/ комиссиялар мүшелеріне ұсынылатын материалдар/;

- хаттаманы рәсімдейді және оны мүдделі тұлғаларға жолдайды;

- Қоғамдық кеңестің/комиссиялардың хаттамалық шешімдері мен материалдарын сақтауды және есепке алуды жүзеге асырады;

- Қоғамдық кеңестің/комиссиялардың отырыстарына мемлекеттік органдардың өкілдерін, өзге де ұйымдар мен тұлғаларды шақырады (келісімі бойынша);

- мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдар мен тұлғалардан (келісімі бойынша) қажетті ақпаратты сұрайды;

- мемлекеттік органдардың мамандарын, өзге де ұйымдар мен тұлғаларды тартады;

- Қоғамдық кеңестің құжаттамасын, қабылдау, толтыру, рәсімдеу, құжаттар жолдау, есепке алу және олардың орындалуын бақылауды жүргізеді;

- Қоғамдық кеңестің хатшысына Қоғамдық кеңестің шешімдерінің орындалуы туралы талдамалық ақпарат әзірлейді.

 

 

9. Қоғамдық бақылау

 

36. Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдармен шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

37. Қоғамдық бақылаудың міндеттері:

1) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыру;

2) қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды жүзеге асыру;

3) азаматтардың мемлекеттің және оның органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне сенім деңгейін жоғарылату, қоғам және мемлекет арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және шешу;

4) тұрғындарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес процестеріне тарту.

38. Қоғамдық бақылау ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік органның қоғамның мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстары туралы есебін тыңдау үлгісінде жүзеге асырылған қоғамдық бақылау субъектілерінің қызметі түсініледі.

39. Қоғамдық бақылаудың объектісі болып республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының қызметі табылады.

40. Қоғамдық бақылаудың субъектісі ретінде қоғамдық кеңестер, сондай-ақ, коммерциялық емес ұйымдар, қоғамдық кеңестердің тапсырмалары бойынша азаматтар болып табылады.

41. Қоғамдық кеңес осы ереженің 6-тармағының 2) 3) 4) 6) 7) 8) тармақшаларымен көзделген өкілеттіктердің орындалу қорытындылары бойынша бір ай ішінде, ал, 6-тармақтың 1) тармақшасы бойынша-10 (он) жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе оны алмастыратын тұлғасының қолы қойылған дәлелді бас тарту беретін тиісті мемлекттік органға ұсынымдар енгізеді.

42. Қоғамдық кеңестің ұсынысы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдер мен уәжді жауапты беретін мемлекеттік органның қарауы үшін міндетті болып табылады.

 

 

10. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттілігінің тоқтатылуы

 

43. Қоғамдық кеңестің мүшесі оның құрамынан жазбаша нысанда арыз өтініш жазу арқылы өз еркімен шығуы мүмкін.

44. Қоғамдық кеңестің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмауына, болмаса, Заңның 10-бабының 1-тармағында қаралған өзге де негіздемелерге сәйкес Қоғамдық кеңестің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.

45. Қоғамдық кеңес Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес конкурс нәтижесі немесе мемлекеттік органның шешімі бойынша шығып кеткен мүшенің орнына оның қалған өкілеттік мерзімінде жаңа мүше енгізуге шешім қабылдайды.

46. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысынан кейін құрылған жұмысшы топтың өкілеттілігі Қоғамдық кеңестің қызметінің қалған мерзімі ішінде жүзеге асырылады.

47. Жұмыс тобының қызметіне басшылықты  жұмыс тобының отырысын өткізу кезінде мәслихат сессиясының төрағасының міндеттерін  орындап отырған .мәслихат депутаты жүзеге асырады.

 

 

11. Өтпелі және қорытынды ережелер

 

48. Осы ереже Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы  заңнамаларымен реттелген жергілікті бірлестіктің жиынын қалыптастыру тәртібіне қолданылмайды.

49. Қоғамдық кеңестің міндеттерін жергілікті бірлестіктер жиыны «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңымен белгіленген өкілеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырады.

 

 

 

Құрылған күні: 10-03-2016 11:01
Жаңартылған күні: 20-07-2018 12:01

Сұрақ қою

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика